«ЕР ЕСІМІ — ЕЛ ЕСІНДЕ»

«ЕР ЕСІМІ — ЕЛ ЕСІНДЕ»

«ЕР ЕСІМІ — ЕЛ ЕСІНДЕ» 1024 683 azizyeszhanov_ydg3sjjr

Бүгін Ленгір қаласының орталық саябағында 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Ер есімі — Ел есінде» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. 
Жиын барысында аудан басшысы ардагерлермен бірге «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, Отан үшін отқа түсіп қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Бауыржан Омарбеков: «Бұл тарихи мерекенің әрбіріміз үшін, қоғам мен мемлекет үшін де маңызы ерекше. Жыл сайын осынау ең қастерлі Жеңіс мерекесін тойлай отырып, біз сол сұрапыл соғыста қаза тауып, халқы үшін құрбан болған жауынгерлердің есімдерін ардақтап ұлықтаймыз, құрметпен еске аламыз. Тарих еншісінде қалған соғыс енді қайталанбасын деп тілеп, сондағы айбарлы ата-апаларымыздың жан аямас жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне құрметпен бас иеміз. Ұрпақтарының санасында қан майданды бастан кешкен аға буынның ержүректілігі нағыз отансүйгіштіктің үлгісіндей болып қала береді. Сондықтан да ортамызда қалған әрбір ардагерлерімізді ардақтап қадірлеу, олардың бар жағдайын жасау – біздің перзенттік парызымыз», — деп өз лебізін білдірді. 
Жеңіс күніне арналған іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көріністер көрсетіп, Ұлы Отан соғысы жайлы әндер шырқады. 
Осы зұлмат соғысқа Төлеби ауданынан 10862 жауынгер қатысқан. Соғыста жаумен күрескен 5 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жүздеген жауынгерлеріміз І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері атанды. 
Бүгінгі таңда арамызда 4 Ұлы Отан соғысына қатысушы, 784 тыл еңбеккері ғана қалып отыр. Жыл өткен сайын қатары сиреп бара жатқан Жеңіс жауынгерлерінің ерлігі мен өрлігі ұрпақ жадында мәңгі қалмақ.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Leave a Reply